14 қаңтар батырлар мекені атанған Қобда ауданы үшін қасиетті күн. Күллі Кеңестер Одағының мақтанышы болған шежірелі Қобда жерінен шыққан, қазақ халқының даңқты қызы - Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күні. Биылғы жылы жауқазын ғұмырдың қасиетті Отаны жолында жанқиярлықпен қаза тапқанына 77 жыл толды. Батыр апамыздың өнегелі ғұмырын жастарға үлгі етіп, елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шара Әлия ауылындағы "Рахман" мешітінен бастау алды.
Алдымен қаһарман, батыр апамыздың рухына құран бағышталып, ескерткіш алаңында батырды еске алу шарасы өтті. Тағылымы мол шараға "Қос шынар" қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес, «Невада – Семей» қоғамдық-экологиялық қозғалысының Батыс Қазақстан аймағы филиалының директоры Ізімғали Көбенов, Ақтөбе облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, "Ер-бақыт" спорттық-патриоттық қорының төрағасы Марат Қойлыбаев және бір топ қадірлі ақсақалдар арнайы келіп қатысты.
Сонымен қатар бұл күні Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебінің оқушылары мергендік сайыста бақ сынасып, кім мықтыны анықтады. Ал батырдың ерлігін насихаттауға арналған өлең-жыр сайысында үздік шыққандар батырдың атындағы ауылдық мәдениет үйінде өткен "Соғып тұр мерген қыздың жүрегі әлі" атты шарада марапатталып, естелік сыйлықтар тарту етілді.