"Қызы батыр ел - ұлы ел" атты онлайн сұхбат

27.01.2022 жылы жергілікті уақытпен 15:00 "Әлия" патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының ұйымдастырумен Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлованың құрметіне Мәншүк Мәметова мен Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына арналған "Қызы батыр ел - ұлы ел" атты ZOMM платформасында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі, БҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музейімен онлайн сұхбат жүргізілді.

Шараның мақсаты: Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова батырлардың өмірлерін, ерлік істерін насихаттап, Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды батырлардың бейнесі арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, жастардың бойына жігерлік пен батылдықты қалыптастыру.

Шараға: Ақтөбе қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №62 мектеп, №24 лингвистикалық мектеп-гимназия, №60 орта мектебі, Әбіш Кекілбаев атындағы №72 ІТ мектеп - лицейі, Ойыл ауданы Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебі, Темір ауданы Ж.Кереев атындағы орта мектебінің мұғалімдері мен оқушылары, кітапхана, музей қызметкерлері қатынасты. Ұйымдастырылған шараға 160 көрермен қамтылды.

Шара барысында: «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры Тупенова Бағдаш Абдижамиқызы ерлігімен елге танылған Әлиядай батырдың өшпес ерлігі туралы баяндап, қаһарман батырдың білім алған жері – Вятск, ерлікпен қаза тапқан жері – Новосокольники, Казачиха жерлері жөнінде тағылымы мол әңгіме өрбітіп, атқарылып жатырған тың жаңалықтарымен бөлісті.

Батырларымыздың есімі бүгінге дейін қандай аяулы болса, қазіргі және келер ұрпақ үшін де қымбат болмақ. Өмір жолдарын, ерлік жолдарын қанша айтып, қанша жазсақ та артық емес, себебі Әлия, Мәншүк, Хиуаз есімдері бізге керек ұран. Келешек ұрпаққа өшпес өнеге мен тәрбие ретінде қалыптастыруда тарихи тұлғаларды, белгілі бір тарихи оқиғаларға байланысты көрсеткен ерліктері мен соғыс тактикасындағы қолбасшылық өнерлерін дәріптеу маңызды. Қаһарман батыр Хиуаз Доспанова сынды батырдың ерліктерін насихаттау патриоттық тәрбие беруде үлкен орын алары анық - деді Харипова Рашида Ерімқызы - Атырау облыстық тарихи - өлкетану музейінің директоры.

Әлия, Мәншүк, Хиуаз ерлігі – ұлы ерлік. Ерлік – олардың Отанға деген махаббаты мен мейірімділігінде, адалдығы мен адамгершілігінде, парасаты мен ерекше пайымдарында, өршілдігі мен асқақ рухтықтарында жатыр. Біз қай уақытта болмасын батырларымыздың ерлігімен мақтана да, шаттана да аламыз және олардың өмірлерін, ерлік жолдарын жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбиесін беруде үнемі үлгі етеміз. Себебі Әлия, Мәншүк, Хиуаз Отан қорғау арқылы өздерінің шексіз патриоттық сезімдерін таныта білді. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан елдік пен ерлік дәстүрлерін жалғастыра және келер ұрпаққа аманаттай білді- деді және атқарылып жатырған тың жаңалықтарымен бөлісті Батырханов Ахмедияр Қуанұлы- БҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі.

Сұрапыл соғыс оқиғалары, ерлік жолдары да тарих қойнауына еніп бізден алыстап барады. Бірақ бүгінгі дені мен жаны сау, салауатты, білімді өрелі ұрпақ ешқашан да Ерлік жолын, Жеңіс ұлылығын ұмытпайды. Оны ұрпақ жадына дәйім ұялатып отыратын- мінекей, осындай ұлылықты іс, патриоттық шаралар. Ал жастар үшін бұл шараның мәні де, маңызы да жойылмайды. Ол толқыннан толқынға тарайды. Себебі Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды құрметті есімдерді иелену тек атақ емес, ол – бүгінгі ұрпақ борышы, ертеңге салауат.

 

Телефон:
+7 (71341) 2 45 95
Электронная почта:
Адрес:
030000, Актюбинская область, Кобдинский район, с.о Булак., с. Алия., Байсеитова, 40 А
© 2020 - Областной центр патриотического воспитания «Алия»
Designed by TORUS.KZ