«Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқанына 77 жыл толуына орай он күндік декада аясында «Батырдың ғұмыры қысқа, даңқы ұзақ» атты ерлік сағаты ұйымдастырылды. 14 қаңтар күні басталған шарамыз әрмен қарай жалғасуда. Шарада Әлия Молдағұлованың ерлігі туралы «Мергендер» фильмі көрсетілді.
Батыр шыққан елді, жерді, оның өскен ортасын басқан ізінен танисын. Бізді жігерлендіріп күш беретін - Әлия батыр рухы. Әлия әні, бейнесі жылдарға, ғасырға еніп барады. Әлияның образы кино, қылқалам, драматургтердің, кинорежиссерлердің шығармалары арқылы жадымызда сақталады. Сондай керемет туындылардың бірі «Мергендер» фильмі.
Сұрапыл соғыста асқан ерлігімен көзге түскен батыр Әлия Молдағұлова туралы «Мергендер» фильмі 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығы, Әлияның 60 жылдығы тұсында түсірілген болатын. Оның алғашқы көрсетілімі Ленинград қаласында ұйымдастырылды. «Мергендер» фильмінің сценарийін жазуға Қазақстандық қаламгер Сейілхан Асқаров көп еңбек сіңірген.
Бүгінгі ұйымдастырылған шара кезінде «Мергендер» фильмін Әлия Молдағұлова атындағы орта мектебінің оқушылары тамашалады.