Жылда батырдың туған жерінде орналасқан «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туған күніне үлкен дайындықпен келеді.
Биылғы жылы да қонақтарды қарсы алуға мекеме сақадай сай тұрды. Қазақтың атын әлемге әйгілі еткен Әлия Молдағұлованың ерлігін дәріптеу, патриотизмнің қайнар бұлағы екені рас. Маусымның 15-і күні Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 98 жыл толуына орай «Әлия- батыр қызы сен халқымның» облыстық патриоттық шара өткізілді.
Әлия Молдағұлованың туған күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шаралар батырдың кіндік қаны тамған Бұлақ ауылынан бастау алды. Жыл сайын батыр жерлестерінің туған күн қарсаңында қонақ қарсы алатын ауыл тұрғындары әдетте Әлияның ескерткіші жанында жиналады. Гүлмен көмкерілген ескерткіш биыл да алыстан көзді баурайды.
Салтанатты шараға Қобда ауданының әкімі Кулов Болат Ахметұлы бастаған лауазымды тұлғалар, Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілдері, Әлия Молдағұлованың нағашы ағалары Әбубәкірдің ұлы Сапар Молдағұлов, Бисенбай Хабиевтің қызы Ария Бисенбайқызы, Мәскеу қаласында батыр апамыздың ерлік жолын насихаттап жүрген жерлесіміз, профессор Асылбек Төлешев, ауған соғысының ардагері Мурсалиев Ермекбай, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Зарлықов Мұхан, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалды музейінің директоры Елена Калтаева, Әлиятанушы Ғалымжан Байдербестің ізін жалғаушы қызы Байдербес Ақмарал, жеке кәсіпкер Сәндібай Әміржанұлы, «Әлия гүлі» халықтық би ансамбілі, жетекшісі Шолпан Айнабекова, Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқытушысы Ардақ Ыбрайымова мен колледж студенттері және ауданымыздың еңбек ардагерлері мен ауыл тұрғындары, мекеме басшылары, мектеп оқушылары қатынасып батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырдың рухына тағзым етті. Батыр Әлияның жанқиярлық ерлігі кейінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге.
Батырдың туған күніне орай шаралар Әлия ауылында өз жалғасын тапты. Мұнда да Әлия ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Мәдениет үйінде облыстық патриоттық әндер байқауы өткізілді. «Әлия» патриоттық тәрбие облыстық орталығының ұйымдастыруымен «Әлия - батыр қызы сен халқымның» атты облыстық әскери-патриоттық сайыс өткізілді. Әскери сайысқа аудандардан келген жас сарбаздар Калашников автоматын бұзып, қайта жинаудан, саптық дайындықтан, газ тұмылдырығын киюден, пейнтбол ойынынан сынға түсіп, әскери дайындықтарын көрсетті.Сайыскерлер өзара күш сынасып, жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды.
Батырдың тағы туған күні тарих қойнауына осылай енді.