Жат елде, жат жердегі қарулы қақтығысқа ерен ерлік пен өшпес өрліктің үлгісін көрсете білген жерлесіміз, Ауған соғысының ардагері Мусалиев Орынғали Айсұлтанұлы 1966 жылы 28 тамызда Әлия ауылы, Тамды елді мекенінде дүниеге келген.
1973 жылы мектепке барып, 1981 жылы 8 сыныпты бітіреді. 1984 жылы әскер қатарына шақырылып, Ауғанстан жерінде әскери борышын өтейді. 18 жасында аттанған кейіпкеріміз 1986 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, елге оралды.
Ауған соғысының ардагері елге келгеннен кейін 1989 жылы отбасын құрып, әртүрлі салада қызмет атқарды. 2023 жылдың 27 қараша айында дүниеден озды. Өкінішке орай ортамызда жоқ болса да, интернационалист – жауынгерлердің қатарынан шығарған жоқ.
Осыған орай дәстүрге айналған шарамыздың бірі Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауғанстан асуында от кешкендер» атты Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өткізілді.
Сол шараға Қобда ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкерлері, Әлия Молдағұлова атындағы орта мектебінің ұстаздары, мекеме қызметкерлері,ауған соғысының ардагерлері қатынасты. Шарада «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры Бағдаш Абдижамиқызы орталықтың атынан ауған соғысының ардагерлеріне естелік сыйлық табыстады.
Қобда ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Иманғали Қуаныш Ауған соғысының ардагері Мусалиев Орынғали Айсұлтанұлының туыстарына мерейтойлық төсбелгімен аудан әкімі атынан естелік сағат табыстады.