Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың жұмыс сапары Қобда ауданында жалғасты.
Алдымен өңір басшысы қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың кіндік қаны тамған өлке Бұлақ ауылына барды. Мұнда Ұлы Отан соғысының батыры Әлияның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Мұражайын аралап, мерген қыздың өмірбаянын біліп, «Құрметті қонақтар» кітабына ізгі тілегін қалдырды.
2025 жылы Шығыстың қос шынары атанған Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы аталып өтпек. Қазірден мерейтойға дайындық жұмыстары жүруде.
Ал Әлия ауылында облыс әкімі «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының да жұмысымен танысты. 2005 жылы ашылған ғимарат 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен. Екіқабатты орталықта спорт залы, оқу залы, музей және жастарға арналған демалатын бөлмелер бар. Мұндағы музейде Әлия Молдағұлованың соғыс кезінде киген киімдері, қару-жарағы, оқу үлгерімі жазылған құжаттары сияқты құнды дүниелер сақталған. Өңір басшысы мұнда да «Құрметті қонақтар» кітабына ақжарма тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.
Ералы Тоғжанов орталықты аралау барысында спорт залда жаттығып жатқан ауылдың спортшы жастарымен кездесті. Дзюдошыларға спорт киімін сыйлап, жеңісті күндер тіледі.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі